Қазатомөнеркәсіп әлемдік атом саласының ірі компанияларымен өндірісті цифрландыру жөніндегі бірқатар меморандумға қол қойды

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберіндегі «Атом энергиясының әлемі» павильонында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Cameco Corporation, Uranium One Inc., CGN және AREVA компаниялары арасындағы меморандумдарға қол қойылды.

  

Төрт бірдей құжат Қазатомөнеркәсіптің Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы міндеттерді жүзеге асырудағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін белгілейді. Тараптар бірлескен кәсіпорындардағы автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру саласындағы ынтымақтастыққа, атап айтқанда, Big Data, заттар интернеті, аддитивтік технологиялар, 3D үлгілеу және бұлтты технологиялар жөніндегі жобаларды әзірлеуге ниетті. Бұдан бөлек, меморандумдар бірлескен семинар, форум, тәжірибе алмасу мақсатымен тағылымдамалар өткізуді де қарастырады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында өнеркәсіп пен өндірісті цифрландыру рельсіне өткізу қажеттігін атап өтті, бүгінгі меморандумдар – сол тапсырманың іс жүзінде орындалуының көрінісі. Сондықтан біздің барлық кәсіпорындарымыз цифрландыруға көшеді, роботтандыру элементтерін қолданып, мол деректерді талдау арқылы жұмыс жүргізетін болады», - деді Қазатомөнеркәсіп Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев.

 

Қазіргі кезде ұлттық атом компаниясы «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын іске асыру бойынша белсенді жұмыстар атқарып келеді. Нақты айтқанда, Қазатомөнеркәсіпте уран өндірісінің негізгі бағыттарын кешенді автоматтандыру жүріп жатыр. «Индустрия 4.0» үшін тұғырнама болатын Цифрлық кеніш, ERP (кәсіпорын ресурстарын жоспарлау), Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі, Жағдаяттық орталық жобалары іске қосылған.

«Қазатомөнеркәсіп-SaUran» еншілес кәсіпорнында дайын өнімді ыдысқа салу тармағын роботтандыру процесі қолға алынды. Уран өнімін ыдысқа салуды, өлшеу және жөнелтуді енді қызметкерлер емес, роботтандырылған кешен атқаратын болады. «Индустрия 4.0» негізгі құрамдас бөліктерінің бірі – Заттар интернеті (электронды қондырғылардың адам қатысуынсыз өзара әрекеттесу принципі). Барлық нақты өндірістік көрсеткіштер жабдықтардағы хабаршылар көмегімен компанияның бас кеңсесіне келіп түседі. Бұл өндірістегі адамдық факторды болдырмай, расталған деректер алуға және процестердің автономдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өндірістік учаскелер өзара әрекеттесіп, тапсырыстарды қалыптастырады, өлшемдерді түзетіп, нормативтерді реттей алады.