Корпоративтік Мәдениет

Мәдени мұра

Таңбалы тас- тарихтың төлқұжаты

Елбасымыздың 2003 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасының Ұлттық Кеңесінде «Мәдени мұра» бағдарламасын жариялағанына 16 жыл толуы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» бас мақаласын басшылыққа ала отырып Арқа өңіріндегі жасалып жатқан игілікті  игі шараға қатысу үшін 14 қараша күні таңғы сағат 6-дан 20 минут кеткенде әйгілі «таңбалы тастар» жатқан Бетпақ даланың сайын даласын бетке алдық. Әңгімені әу бастан бастасақ «Қазақатомөнеркәсіп» ҰАҚ-ына қарасты «Мыңқұдық» кенішіндегі жапон-қазақ «Аппақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы республика аумағында айтуға, әспеттеуге тұрарлық өнегелі игі іс істеп, «Таңбалы тас» алқабына тұғыр орнатып, Таңбалы тастың ауқымды бөлігін тұғырға орналастырып, аспан астындағы алғашқы мұражайдың іргетасын бастаған екен. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының аясында «Таңбалы тас» тарихи орнын қалпына келтіру, абаттандыру шарасына кен орны алыс-жақыннан көптеген қонақтарды шақырыпты. Олардың ішінде ел басқарған азаматтар, аудан ардагерлері, жастар, кеніш жұмысшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жас тарихшылар, мәдениет және өнер қызметкерлері болды. Мен бұл мақалада жүріп өткен жолдарды, олардың шақырымдарын, жол бойындағы өндіріс орындары мен кеніштерді арнайылап атын атап, түсін түстеп жазып отырмын. Өйткені «Таңбалы тасқа» баруға ынтық, барып зиярат етуді ниет етіп жүрген, бірақ жолды білмейтін азаматтар туристер үшін, олардың «Таңбалы тасты» қиналмай тауып алуына септігі тисін жаздым. Шолаққорған ауылынан шыққанда көлік иесі, Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Естай Есенбекұлы  інім спидометрін 0-ге қойды. Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еспенбетов Қабылбек, ардагерлер кеңесінің мүшесі Сақтапбергенұлы Пардабек, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубекова, «Жастар ресурстық орталығының директоры Жеңіс Төлепбергенов және осы мақала авторы мен Мақсат Қарғабай екі көлікке бөлініп міндік.

Алдымыздағы үшінші көлік «Газель» автокөлігінде жастар өкілдері мен өнерпаз қыз-жігіттер жайғасыпты. Шолаққорған-Қарағұр-Қаратау арқылы Буденовскіден Қаратау кенішіне дейін 207 шақырым жол жүрдік. Одан 211 шақырымда сол жаққа, яғни батысқа қарай Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарай кететін айрыққа жеттік. «Южный Инкай» кенішіне  жеткенде спидометр 266-ны көрсетті. Жол тақтайдай тегіс таң алакеуімнен күн қызара атып, айнала жап-жарық бола бастағанда 271-ші шақырымда сол жағымызда «Инкай» біріккен кәсіпорны қол бұлғап қалды. Тайқоңыр атты кеніштер қаласына қақпадан енгенде 273-шақырымды бастық. Тайқоңыр кентіне кіре берісте қоңыр түске боялған қоңыртайдың мүсін бейнесі алыстан көзге шалынды. Бұл мүсінді осы өндіріс басшысы болған Ян Файгль есімді азамат тұрғызған,-деді Пардакең.Тайқоңыр кентіне кіріп сол жерде сәл аялдап, күтіп алушы топпен кездесіп келген ізімізбен қайта кері бұрылып «Инкай «біріккен кәсіпорны» мекемесіне баратын жолмен ПВ-19 кенішіне қарай бұрылғанда жол көрсеткіш 277-і көрсетті. Содан сырғып отырып «Аппақ» ЖШС-не қарасты «Мыңқұдық «кенішіне 330-шы шақырымда жеттік. Кеніште аудан әкімі Салыхан Полатов, Созақ ауданының байырғы әкімі Созақбай Әбдіқұлов, «Қазатомпромөнеркәсіп» ҰАК-ның департамент басшысы Жарқынбек Оспанов, «Аппақ» ЖШС-нің бас директоры Александр Борисұлы Авдеев , «Батыс Мыңқұдық» кенішінің директорының міндетін атқарушы  Нұрлан Қалиақпаров, кеніш мамандары, бас инженердің міндетін атқарушы Алмас Маханов, «Аппақ» ЖШС-нің кадр бөлімінің басшысы Серік Бейсеалиев және бірқатар азаматтар қарсы алды. Бізбен қабат аудандық мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, тарихшы, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Сүлеймен Тәбіріз ақсақал да дәл уақтысында жетті. Сәл аялдап алған соң, кеніштің жол таңдамайтын шет елдік көліктеріне жайғасып паң даланы бетке алдық. Аппақтан Қыземшекке қарай жүретін күре жолдың 5-ші шақырымынан кейін, жол сол жаққа бұрылып  солтүстік-батысты қиялай бетке алып, шаңды, жусан мен жүзгені ұйысқан қара жолға түстік. Сол қара жолмен 45 шақырым жол жүріп, барлығы 390-шақырымға жуық жолды басып өтіп Таңбалы тасқа жетіп тірелдік. Бұл өңірге менің үшінші аяқ басуым болатын.

Енді «Таңбалы тас» тарихына аз-кем үңіліп өтейік. Қазақтың ұлы шежірешісі көреген көзді, қара сөзді ғұламасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Бетпақ шөлінде Нұра деген жер бар еді. Сонда тасқа басылған таңбалар бар.Үш жүздің баласы арасында қазақтың таңбаларына қатысты талас болса сол тастан барып қарасады. Алаша ханның жарлығымен басылған таңба деседі» деген екен. «Тарихтың нағыз кейіпкері-адамдар» дейді ойшылдар. Сүлейменше айтсақ қай кезде болмасын ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлмеген қоғам болмаған. Сол ұрпақ тәрбиесінің де басты,бағыты да өткенде болған өнегелі істерді үлгі ету, бүгінгі тілмей айтқанда тарих арқылы тәрбиелеген. Тарих-адамзат баласының шынайы жылнамасы, шежіресі, пайда болғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмір аралығы, тірлігі мен мақсат-мұраты десек болады. Таңбалы тас бірлігіміз бен ынтымағымыздың, бүтіндігімізбен мақсат-мүддеміздің қара шаңырағы, мемлекет негізінің алтын әліппесі. Ғылымымыз бен мәдениетіміздің қайнар бұлағы, қайнаған қазаны дер едім. Көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның жазба шежірелерінде «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарық түрі-тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері»-деген сөйлем бар. Әлкей бабамыздың пікірінше таңбалы тасты алғаш зерттеген ғалым А.И.Шренк: «Таңбалы тастың» зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ( ұлы жиын десек те болады) ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері дейді. Сондықтан бұл тасты көп ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған» депті.

1970 жылдары Ұлы жазушы Ілияс Есенберлин осы Таңбалы тасқа оның тарихын, табиғатын, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, жер қыртысын, ойы мен қырын зерттеп, зерделеу үшін бірнеше рет келген екен. Осы зерттеулері арқылы «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» атты бөлімін жазуына септігі тиген. Әбілқайырдан бөліне көшкен Керей мен Жәнібек хандар ХV ғасырдың ортасында «Таңбалы таста» хан кеңесін шақырып барлығы келешекте үш жүзге бөлініп бір ханға бағынуды мақұлдасыпты.... Бірақ бұл үш жүзуге бөліну мәселесі біржола шешілмейді. Арада талай толқулар болады. Осы мәжілістен кейін арада алпыс жыл өткенде Қасымханның баласы Хақназар ханның кезінде бүкіл қазақ рулары  бір бітімге келеді. Үш жүз боп, үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді,-деп жазды Ілияс Есенберлин.

 «Таңбалы тасқа» назар аударғандардың ішінде ғалымдар академик Қаныш Сәтпаевтың атына ерекше назар аударады. «Жезқазған ауданының көне ескерткіштері» деген 1941 жылы жазған мақаласында Қ.Сәтпаев аңыздарға сүйеніп қазақтың қазақ болған ту тіккен жері таңбалы тас өңірі,- деп атап көрсетеді. Белгілі Ғалым Ж.Артықбаев болса: қазіргі күнге дейін шежіре білетін ақсақалдар таңбалы тасты Қаныш Сәтпаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдеңде жүргенде алты алаш тобына кіретін елдер осы Таңбалы Нұрада бас қосып өздерінің жеке мемлекет болатынын жария еткен. Қазақтың «Таңбалы тасты» түп тамырдағы Алаша хан атымен байланыстыруда да осы себепті деп ойлаймыз»,-дейді.

Не десек те Таңбалы тас өңірі мен оның тарихын зерделеуге Қаныш Сәтпаевтан кейін ат ізін салған адам некен саяқ. Енді міне түрен         салынды. Ешкімге, ешқайда жалтақтамай бабалар тарихы мен ұрпаққа қалдырған мұрасын зерттеуге мүмкіндік молынан жетеді. Ол зерттеу тәуелсіз елдің білікті, білімді жас ғалымдарына жүктелер жауапкершілік жүгі болмақ. Әңгімемізге қайта оралсақ, Нұра даласындағы «Таңбалы тас» аспан асты мұражайының ашылуында аудан әкімі С.Полатов, «Аппақ» ЖШС бас директоры А.Авдеев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК департамент  басшысы Ғ.Оспанов жылы лебіздерін білдірсе, әнші-термеші Елдос Жүсіпов арнайы арнауын орындады.

Аппақтық азаматтарға

(«Таңбалы тас» басында домбырамен айтылған арнау. Авторы Мақсат Қарғабай)

Тасын түртсең оянған тарихы мың,

Төлқұжаты Таңбалы тас тарихымның.

Ел мен жерді таныстырып қонақтарға,

Бүгінгі күн ерекше тарихи күн.

 

Бұл мұражай шаңырағы ашық аспан

Әр тасынан шертілер дала дастан,

Таңбалы тас қазақта біреу емес,

Тарихына қанып өстік бала жастан.

 

Болсадағы ауылдан қанша қашық,

Қанығамыз шежіреге қанаттасып,

Өндіріске айтамыз сансыз алғыс,

Жатыр бүгін ұрпақтар сабақтасып.

 

Қуат алып қазақтың даласынан

Биіктерге ұмтылар бала қыран.

Рухани жаңғыру аясында,

Таңбалы тас тарихта дара шынар.

 

Өткен жылдың әр күнін саналармыз.

Жаңғырып, жаңа үрдіспен жаңарармыз,

Төл тарихы өшпесін өлкемнің бұл,

Жарасады ежелден далама аңыз

 

Қош келдіңдер ағайын құт дарыған,

Өлкеме өн бойыңнан пейіл беріп.

Ұрпақтар сабақтасып жатыр бүгін,

Олдағы туған жерге ұлы көрік.

 

Мың алғыс «Мыңқұдық» пен «Аппақтықтар!»

Тарихты құрметтеуден бақ таптыңдар.

Рухани жаңғыру аясында,

Ғұрыпын қазағымның сақтапсыңдар.

 

Таусылмасын даламның несібесі,

Ырыс тұтқан ынтымақты ежелден-ақ.

Сан әулие, әмбиелер қолдай берсін,

Алыстан ат арытып келген қонақ

Сан әулие, әмбиелер қолдай берсін,

Алыстан ат арытып келген қонақ!

Мақсат Қарғабай

Түсте «Батыс Мыңқұдық» кенішінде дастархан жайылып ас берілді. Киіз үй тігілген, қымыз-қымыраны сапырылған кеніштің ашық алаңқайында                  кеніш жұмысшылары мен бас қосу шарасы өтті. Мұнда ауданның байырғы әкімі Созақбай Әбдіқұлов, мәслихаттың хатшысы Бегімбет Байғараев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Сабырбек Олжабаев, өндіріс басшысы Мұхтар Наурызбаевтар айтул шарамен барша жиылған көпшілікті құттықтап жылы лебіздерін білдірді. Олар Таңбалы тас төңірегінде жасалып жатқан істерге оң бағасын беріп кеніш басшылары мен осы істі тиянақты атқарған кеніш жұмысшыларына алғыстарын білдірді.

Бұл таңбалы тас бірнеше мәрте тұғырланды, одан көзден таса етіп жоғалтып алдық. Соңғы мәрте Қызылорда облысының Сырдария ауданына жол тартқан едік. Кейін таңбалы тастың бір бөлігін алып кеткен азамат түрлі жағдайларға ұшырап, ақырында ауыл қарияларының айтқан ақыл кеңестерімен тасты қайта өз орнына әкеліп, астын ақ кірпіштен өріп тұғыр жасап орнатыпты. Осы жаңа жайға орналастырарда әлгі ескі тұғырдан шыны ыдыс шығыпты ішінде бүктелген қағазға «Біз тасты қайтып орнына әкеліп қойдық» деп он екі адам қол қойып жазу жазып қалдырыпты. «Қайтқан заттың қайыры бар» дейді дана халқымыз. «Аппақ»ЖШС- ның ұйымдарстырған іс- шарасы  өте керемет,тартымды, әрі жаңа сипатта өткенін айтып өткеніміз абзал. Ендеше қайырлы, сауапты өнегелі істердің өресінде, келелі істердің кемесінде кездесе берейік ағайын,-деп сол күні аудан орталығына қарай 800 шақырымды артқа қалдырып кері оралдық.

Таңбалы Нұра  өңіріндегі жер атаулары

Нұра- Бетпақ даланың шөліндегі таңбалы тас жатқан аймақ.

Сәкеннің соры- мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Колчактың түрмесінен қашыпқуғында жүргенде қарағанды, Жезқазған, Арқа өңірінен қаратау асып, Түркістанға бара жатқанда  кешіп кесіп өткен үлкен сор ол.

Жыра- екі беткейліені үлкен арық. Күз, көктемгі жауын, қардың суы ағып, сорға құйылып жатады.

Нұраның қара тұзы-Таңбалы тастан 1 шақырымдай жерде ұзына бойы2-2,5 шақырымнан асатын тұзды алқабы.

Шеңгелді- Таңбалы Нұраның шығыс бүйірінде орналасқан шалшық сулы, суы борсыған, жазы шыбын шіркейлі, қорымдар мен қабірлері жатқан өңір. Ертеректе көшпенділердің қоныстанатын жазғы жайлауы болған.

Таңбалының тұзы-Таңбалы жыраның Теріскей жағында көлденеңі 13 шқырым, ұзындығы 25 шақырым келетін, Оңтүстіктен терістікке қарай созылып жатқан тұзды алап.

Шұбар теңіз- табаны Таңбалының шығыс-Теріскей бетіндегі Шұбар теңізінің табаны.

Қарақойын-Сәмен көлі- Таңбалының шығысындағы көлтабаның орны.

Жабыкөл, Саумалкөл, Ақжайқын, Ащыкөл, Құмкөл, Телікөлдері Шу мен Сарысу өзендерінен нәр алып, кезінде суы тасып Сырға құйылған екен.

Бүгінде Сарысудың суы қаңсып Таңбалыға жете алмай жатыр. Әйтпесе кезінде бұл өңір аң-құсы, балығы жыртылып айырылатын берекелі өңір болған екен.

Таңбалы, Уыт, Шеңгелді, Кендерлі бұлақтары- суы мол, арнасынан суы тасып, жайыла ағып жататын сүтті бұлақтар болған.

Бұлдырықты бұлағы- бұлдырық деген құстың жаз, көктем, күз мекеніне айналған жасыл желегі жайқалған жайлау болған.

Қабақ-Ұзына бойы созылып жатқан үсті қабақ, асыты жайыла жермен бітесіп кеткен жыралы құм жақпарлары.

Қорым-бұл өңірде баялыш пен жыңғылдың құмен араластырып қат-қабаттап өрілген бейіттер.

Шөпері-баялыш, саған, раң, ебелек, қара жусан, қамыс, шеңгел, сексеуіл, майда жабыспа шөп.

«Еңкей, «Инкай», Қабақ Құлақ, Құлан жолақ, Құлан қызыл-атауларына келсек Бес құлан оқиғасында айтылған жылқыға, ханның ызғарл ықырғынанан аман қалған бес құланның тағдырына орай аталып қалған жер атаулары. Бүгінде осы кейбір атаулардың атымен өндіріс орындары аталады.

Халқымыз айтып жүрген «Бес құлан» хикаясында, қазақ ертегілерінде жиі айтылатынындай Жошының, Алаша ханның жақсы көретін баласын құланның айғыры теуіп өлтіріпті. Баланың кегін қайтармақ болған хан құландардың бірін қалдырмай қыруды бұйырып, кімде кім осы бұйрықты жылдам әрі тиянақты орындаса соған көп қазына мен қызын бермекке уәде етіп, жар салады. Домбыауыл деген батыр өзінің Еңкей, Қабаққұлақ деген жүйрік тұлпарларының бірін мініп, бірін жетекке алып құландарды қырып шығады. Соңында бес құлан қалады. Ақырында олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Бұрын «томар өткел» десе кейін «Бес құланның өткелі» дейді. Артынан қуып құмға жеткен батырдың екі аты да зорығып өледі. Ол жерді «Еңкей», «Қабанқұлақ» деп атайды. Жабықкөлден су ішіп естерін жинап, Жабықкөлдің Теріскей батысындағы қырдың үстінде жатады. Оқ тиіп жарасынан аққан қаны тамған жерді «Құлан қызыл» дейді. Шу өзені арнасынан өткен жердегі сор басқан төбені «Құлан жолақ» дейді. Олар осы жерде тұз жалап,сорға аунап жаралы жерін емдесе керек.

Арқа төсінде «Сымтас», «Тоқымтыққан», «Өлкеннің жайлауы», «Мұңлы құлынның тауы», «Жетіқоңыр», «Ақкеңсе», «Аппақтың тақыры», «Қарабел», «Асқазан», «Итаяқ», «Еспе», «Монтай-Тотай», «Той», «Көкмұрын той» деген жер атаулары кездеседі.

Елбасымыздың «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі-неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол-ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген сөзі Созақ даласының бойтұмарлары Таңбалы тас пен Ақбикеш кесенесінен бастау алатын көптеген дала жаухарларына арнап айтылғандай болады.

Мақсат Қарғабай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Республикалық «Уақыт», облыстық  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Созақ, Бәйдібек аудандарындағы меншікті тілшісі, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы.

8-702-782-25-69