«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да Қазақстанның атом саласы қызметкерлерінің күнін мерекелеуге арналған салтанатты шаралар болып өтті.
Ұлттық атом компаниясының Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов орталық аппарат пен холдингтің еншілес кәсіпорындарының қызметкерлерін төл мерекемен құттықтады.
Атом саласын дамытуға қосқан үлесі үшін, еңбектегі табыстары мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін компанияның жүздеген қызметкерлері салалық, ведомостволық және корпоративтік наградалармен: «Қазақстан Республикасы атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» төс белгісімен, медальдармен, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің және «KAZENERGY» қауымдастығының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, шара аясында компанияға қарасты кәсіпорындар арасындағы жылдың үздік қызметкерін анықтайтын «Жыл қызметкері - 2018» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Салалық сыйлық қызметкерлердің еңбегін мотивациялауды күшейту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, көпшілікке тарату мақсатында тағайындалды. Байқауға Қазатомөнеркәсіптің барлық еншілес және тәуелді кәсіпорындарынан 140-тан астам маман қатысты. «Кәсіпқой», «Тәлімгер», «Болашақ» аталымдарында жеңімпаз болғандар дипломдармен, мүсінше және атаулы сыйлықтармен марапатталды.